Вторник, 26 августа 2025 12:54

Қыркүйекте ЖЭО инвесторы белгілі болады

Қазақстанда екі ЖЭО құрылысына қатысты шешім қыркүйек айында қабылданады, деп хабарлайды LS.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ресейлік инвесторлардың қатысуына байланысты жағдайды түсіндірді.

"Көкшетау жылу электр станциясы бойынша шешім қабылданып, "Самұрық-Энерго" жобаны жүзеге асыруға кірісті. Семей мен Өскемендегі станцияларға қатысты Ресей тарапынан қаржыландыруға ресми растау түскен жоқ. Осыған байланысты аталған жобаларды Қазақстанның өз күшімен жүзеге асыру мүмкіндігі қаралуда. Қорытынды шешім қыркүйек айында қабылданады",- деді ол.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, Қазақстанның қалған екі станцияны өз күшімен салу ықтималдығы басым.

Сондай-ақ ол Алматы ЖЭО-2-ні газға көшіру жұмыстары 2026 жылдың желтоқсанында жоспарға сай аяқталатынын атап өтті.

"Алғашқы турбиналар мен генераторлар жеткізіліп, монтаж жұмыстары басталды. Келесі жылдың бірінші жартысында іске қосу-реттеу кезеңін қолға аламыз. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүріп жатыр, кешігуге жол берілмейді. Бұл- Алматының экологиясы мен оңтүстік өңірлерді энергиямен қамту үшін аса маңызды жоба. Сол себепті біз нысанды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз",- деп түйіндеді вице-министр.

Бұған дейін, вице-премьер Роман Скляр ресейлік "Интер РАО" компаниясының жеңілдетілген экспорттық қаржыландыруды ала алмағанын мәлімдеген. Осыған байланысты Қазақстанның жылу электр станцияларын өз күшімен салу ықтималдығы қарастырылуда.

Сала сарапшысы Жақып Хайрушев те еліміздің үш станцияны серіктестердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкіндігіне қатысты өз пікірін білдірді.