Ет қымбаттап жатыр – министрлік себебін түсіндірді
Қазақстанда еттің күрт қымбаттауына ауыл шаруашылығы министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды LS.
"Қазір өңірлерде шамамен 50 мың тонна ет қоры бар, бұл бірнеше айға жеткілікті. Бағаны бақылау тетігі акиматтардың қолында, сондықтан тапшылыққа негіз жоқ. Дегенмен импорттаушылардың қысымы мен экспорт көлемінің артуы ішкі нарықтағы бағаға әсер етуде. Егер ет құны әрі қарай өссе, оны тұрақтандыру үшін бізде қажетті тетіктер қарастырылған", — деп үкімет кулуарында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлады.
Оның айтуынша, бағаны арзандатуға әзірге негіз жоқ, себебі шенеуніктер өнімнің өзіндік құны мен өндіріс көлемін басты назарда ұстап отыр.
"Жайылымда мал ұстайтын шаруашылықтарда еттің өзіндік құны шамамен 1,8–1,9 мың теңге болса, базардағы бағасы 3,5 мың теңгеден басталады. Бағаның арзандауы жем-шөп қорының жағдайына тікелей байланысты. Қазір біз еттің нақты өзіндік құнын талдап жатырмыз", — деді А. Сұлтанов.
Бұған дейін, Қазақстанда ет экспортын шектеу ұсынылған еді.
Ал еліміздің Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев елдегі ірі қара мал басының азаюы тапшылық туғызып, соның салдарынан бағаның қымбаттауына ықпал еткенін айтты.
Сарапшының айтуынша, ресми деректерде бағаның қымбаттауы экспорт көлемінің артуымен түсіндірілгенімен, ол бұл уәжбен келіспейді. Оның есебінше, жылына сыртқа небәрі 15 мың тонна сиыр еті (тұтынудың 3%-ы) шығарылады, мұндай көлем бағаларды айтарлықтай өсіре алмайды. Негізгі мәселе- мал басының азаюы.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бұл пікірді жоққа шығарып, ет бағасының өсуін жем-шөп, жанармай және коммуналдық қызмет құнының көтерілуімен байланыстырды.
Бұған дейін, LS редакциясы елдегі ет бағасының қымбаттауын инфографика түрінде ұсынған еді.